Текст
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер: тәжірибе, ізденіс, жаңашылдық» Өсу нүктесі бойынша құзырет орталығында тиімді жұмыс тәжірибесін тарату, дамытушы білім беру ортасын құрудың заманауи тәсілдерін таныстыру және педагогтердің кәсіби дамуын көрсету мақсатында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер: тәжірибе, ізденіс, жаңашылдық» тақырыбында облыстық вебинар ұйымдастырылды. Аталған вебинарға «Жұлдыз» балабақшасы құзыреттілік орталығының және «Қошақан», «Аялы-Ай» бөбекжайларының өсу нүктелерінің педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасуға, озық педагогикалық идеялармен бөлісуге және кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Вебинар барысында «Аялы-Ай» бөбекжайының тәрбиешісі, педагог-модератор Ауезова Балзира Амандосовна «Таза Қазақстан – таза әлем!» тақырыбында «Таза Қазақстанға саяхат» атты экологиялық квест ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті. Өз жұмысында балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты аялауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді таныстырды. Сонымен қатар, «Аялы-Ай» бөбекжайының тәрбиешісі, педагог-модератор Тілеубек Айтгүл «Адал ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы «Құндылықтар зертханасы: адалдыққа бастар жол» атты жұмыс тәжірибесін ұсынды. Педагог өз тәжірибесінде тәрбиеленушілердің бойына адалдық, әділдік, жауапкершілік және адамгершілік құндылықтарын сіңірудің тиімді жолдарын көрсетті. Осындай кәсіби кездесулер педагогтердің шығармашылық ізденісін арттырып, жаңашыл идеялармен бөлісуіне, үздік тәжірибелерді білім беру үдерісіне енгізуіне жол ашады. Вебинар өзара тәжірибе алмасу алаңына айналып, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби дамуына тың серпін берді.
Просмотров: 48





